Шымкентте жүрегі тоқтап қалған 90 жастағы қария қайта тірілді

Источник: nur.kz

Шымкентте жасы тоқсанға келген кейуана бір өліп, қайта тірілді. Шақырту орнына лезде жеткен ақ халаттылар қарияны аман алып қалған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Қалалық жедел жәрдем станциясына 4 қаңтар сағат таңғы 05.30 шамасында 90 жастағы қарт әжейдің жүрегі тоқтап, ес-түссіз жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен.

Науқасқа шұғыл жеткен жедел жәрдем дәрігерлері кейуананың инфаркт алғанын анықтап, реанимациялық ем-дом жасайды.

Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде жүрегі тоқтап қалған кейуананың жүрек қағысы қалпына келген.

Жедел жәрдем бригадасы инфаркт алған әжейді Шымкент қалалық кардиология орталығына жеткізді.

Қазір бір өліп-тірілген тоқсандағы қария аталған емдеу мекемесінде ем қабылдауда.